«Атырау облысы Құрманғазы аудандық білім бөлімі» мемлекеттік

мекемесінің «Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық

мемлекеттік мекемесінің қысқаша тарихы.

 

Ұлы Октябрь Социалистік Революциясының жеңісіне дейін қазіргі «Атырау облысы Құрманғазы аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналасқан Атырау облысы Құрманғазы ауданы Асан ауылдық округіне қарасты Үштаған ауылы ішкі Бөкей Ордасының қарамағында болған.

 

1922 жылға дейін Үштаған ауылында мектептің болғандығы туралы дерек жоқ.

 

1922-1924 жылдары қазақша және орысша кластары бар «Үштаған бастауыш мектебі» болған.

 

1925 жылы бұл мектеп «Орданың екінші дәрежелі мектебі» болып аты ауыстырылған.  

 

1929 жылы орыс кластары мұғалім жоқ болуына сәйкес жабылған.

 

1934 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңа қала ауданына қараған Үштаған бастауыш мектебі орталау (7 жылдық) мектеп болып құрылған. Мектеп директоры – Жананов  Әбілхас болған. Жананов Әбілхас 1941 жылға дейін осы мектепте жұмыс жасаған. Осы мектепте алғаш жұмыс жасаған мұғалімдерінің бірі – Мұхтарова  Уағиса  осы Үштаған ауылынан шыққан ардагер ұстаз. Қазір Асан ауылында тұрады. Асан ауылының ең ұзақ жасаған азаматы, әрі Атырау облысы Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы».

 

1952-1954 жылдар аралығында әскери сынақ аймағының Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданының жеріне келіп орналастырылуына байланысты Үштаған ауылы Гурьев облысы Теңіз ауданына (Қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) ауыстырылған.

 

Мектеп орналасқан Үштаған ауылы «Таубұйрат» ауыл советінің орталығы болған.

 

1956-1957 оқу жылында мектеп онжылдық мектеп болып құрылып, директоры Шарипов Жағыпар, оқу ісінің меңгерушісі Хамзаев Зинолла, орыс тілі пәнінің мұғалімдері Нарыжный К.В, Толстова О.Н, Уфимцева Л.П, математика пәнінің мұғалімдері Темірешова Ұлболсын,  Зинуллина Фазила, Бақтығалиева Сақыш, химия-биология пәндерінің мұғалімі Охаев Кабер, бастауыш сынып мұғалімдері Төлегенова Ару, Меңдіғалиева Мәстура болған.

 

1957 жылдың қаңтар айында мектепке Құрманғазы баба атағы берілген.

 

1958 жылдың июль айында мектеп директоры болып Төлегенов Қабден тағайындалған. Осы жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап онжылдық мектептің Сүйіндікке ауыстырылуына байланысты Үштағандағы Құрманғазы атындағы он жылдық мектеп жеті жылдық мектеп болып қайта құрылған.

 

1962-1963 оқу жылында Құрманғазы атындағы сегізжылдық мектеп болып аты  қайта өзгерген.

 

1983-1984 оқу жылында Құрманғазы атындағы сегізжылдық мектебі орта мектеп болып қайта құрылды.

 

Үштаған ауылындағы соғыс жылдарына дейінгі алғашқы мектептердің  үйлері ауылдың шығыс-арқа бетінде орналасқан. Олар жеке адамдардан алынған үйлер.

 

Сонымен бірге, осы маңдағы бұрынғы колхоздардың да өз алдына жеке мектептері де болған.

 

Совхоз құрылған соң, олардың бірқатарын кейінірек (Правда, Торғай, Қарақұс мектептерін) Үштағандағы мектепке біріктірген. «Правда» бастауыш мектебі 1962 жылға дейін жұмыс жасаған.

 

1964 жылы Үштағанның батыс бөлігіне таман орналасқан, саман тастан салынған  мектеп ғимараты пайдалануға берілген.

 

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуының арқасында, 2003-2006 жылдары салынып біткен,  қазіргі заман талаптарына сай, көрнекі құралдарымен, компьютер сыныбымен, лингафон кабинетімен, интерактивті  тақталармен жабдықталған, ішінде асханасы бар, сұйық отынмен жылытылатын,  жаңа типтегі, санитарлық талаптарға сай келетін 2 қатарлы 220 орындық мектеп үйі 2006 жылы пайдалануға берілді.

 

Мектеп үйі алдында 2003 жылы күрделі жөндеуден өткен мектеп жанындағы жатақхана ғимараты орналасқан.